Ағаштардың құпия қоғамдық өмірі: орман жер астында не сыбырлайды
Орманда серуендеп жүргенде, ағаштар сізді байыппен бақылап тұрғандай, оғаш бір тыныштық сезінген кезіңіз болды ма? Ғасырлар бойы біз ағаштарды үнсіз, жалғыз тіршілік иесі деп есептедік: олар бір орынға мықтап тамыр жайған, күн сәулесі мен кеңістік үшін бір-бірімен бәсекелеседі. Бірақ ғалымдар орманның біз ойлағаннан әлдеқайда тірі әрі бір-бірімен тығыз байланысты екенін анықтап жатыр.
Аяғымыздың астында, көзге көрінбейтін тереңде, ағаштар бір-бірімен «сөйлеседі». Олар қорек жіберіп, қауіп туралы ескертеді, тіпті өз «балаларына» қамқорлық жасайды. Орман шайқас алаңынан гөрі, миллиондаған жыл бойы гүлденіп келе жатқан қауымдастыққа көбірек ұқсайды.
Топырақ астындағы жасырын жол
Қалаңыздағы әрбір үй жасырын тоннельдер арқылы жалғасып, солар арқылы сәлемдемелер мен хабарлар тасымалданады деп елестетіп көріңіз. Орман астында дәл осылай болады. Әрине, бұл тоннельдерді адам салмаған: олар микориза деп аталатын жіңішке саңырауқұлақ жіптерінен тұрады.
Бұл саңырауқұлақтар ағаш тамырларына жалғасып, әр тарапқа тарайды да, ғалымдар «Ормандық ғаламтор» (Wood Wide Web) деп атайтын желіні құрайды. Осы желі арқылы ағаштар қоректік заттарды көршілер азық-түлік алмасқандай алмастырады. Биік, сау ағаш көлеңкеде қиналып тұрған жас көшетке артық қант жіберуі мүмкін. Оның есесіне саңырауқұлақ ағаштың фотосинтез арқылы өндірген көмірсуларынан үлес алады.
Таңқаларлығы сол, ғалымдар «ана ағаштар» деп атайтын кейбір көне ағаштар, күзетшідей қызмет атқарады. Олар жас көшеттерге көбірек қорек бағыттап, олар өз бетінше өсуге жарамды болғанша орманның қараңғы қабатында аман қалуына көмектеседі. Бұл жер астында өтіп жатқан тынымсыз жомарттықтың мысалы.
Мейірімділік пе, әлде есеп пе?
Әрине, ағаштар адам емес. Олар мейірімді болуды өз бетінше шешпейді. Онда бұл алмасу неге орын алады? Биологтар екі түсінік ұсынады.
Біріншісі туыстыққа байланысты: ағаш генетикалық жағынан жақын көшеттерге көбірек беруі мүмкін. Өз «туыстарына» көмектесу арқылы ол өз гендерін келесі ұрпаққа жеткізеді. Екінші түсінік бойынша, туыс болсын, болмасын, көршілерге көмектесу, бүкіл орманды сау ете түседі. Күшті ағаштар қауымдастығы дауылдарға, аурулар мен зиянкестерге жалғыз ағашқа қарағанда әлдеқайда төзімді болады.
Мұны «альтруизм» деп атаймыз ба, әлде тек айлакер аман қалу тәсілі деп атаймыз ба, нәтиже біреу-ақ: орман ынтымақтастық арқасында гүлденеді.
Орманның ескерту сыбыры
Ағаштар тек қорекпен ғана емес, сигналдармен де бөліседі. Ағашқа аш жәндіктер шабуыл жасаса, ол саңырауқұлақ желісі арқылы химиялық қауіп сигналын жібере алады. Бұл ескертуді «естіген» көрші ағаштар жапырақтарында ащы заттар өндіре бастайды, осылайша олар аз дәмді болып қалады.
Бұл көрші аралық күзет тобына ұқсайды: бір тұрғын қауіпті байқап, басқаларға хабар жібереді, абай болыңдар, түнде есіктеріңді құлыптап қойыңдар.
Сигнал жер бетінде де беріледі. Африка саваннасында керіктер жапырақтарын кеміргенде акация ағаштары этилен газын бөледі. Жақын маңдағы акациялар бұл газды сезіп, дереу жапырақ қорғанысын күшейтеді. Орман сырттан үнсіз көрінгенімен, іс жүзінде көзге көрінбейтін әңгімеге толы.
Бұл біз үшін неге маңызды
Осы жасырын байланыстарды түсіну ормандарды қабылдау тәсілімізді өзгертеді. Жер учаскесін кесу тек көзге көрінетін ағаштарды жоймайды, сонымен қатар жаңа өсуді қолдайтын көрінбейтін саңырауқұлақ «өмір желілерін» де үзеді. Қайта отырғызу әрекеттерінің кейде сәтсіз аяқталуы тегін емес: жер асты «интернетінен» айырылған жас ағаштар қамқоршысыз өскен балаларға ұқсайды.
Қазір орман шаруашылығы мамандары ормандарды басқару тәсілдерін қайта қарастырып жатыр. Ағаштарды жеке бірлік ретінде қарастырудың орнына, оларды үлкенірек, тірі жүйенің бір бөлігі деп қабылдайды. Мысалы, көне ана ағаштарды сақтап қалу жас ұрпақтың аман қалуы үшін өте маңызды болуы мүмкін.
Орманнан алынған сабақтар
Орманды сансыз бөлшектері бірлесіп жұмыс істейтін бір алып ағза деп елестету қызық болғанымен, әр ағаш жеке дара тіршілік иесі болып қала береді: ол өмір сүреді, тыныс алады және аман қалу үшін өз «шешімін» қабылдайды. Жер астындағы байланыстар бір дененің мүшелерінен гөрі достыққа немесе туыстық қатынасқа көбірек ұқсайды. Ағаштар ресурстармен бөлісе алады, бір-бірін қауіптен ескерте алады, тіпті бәсекелесе алады, бірақ бұл олардың дербестігін жоймайды. Орман бір тіршілік иесінен гөрі, барлығы бір-бірімен байланысқан, әрі әрқайсысы өзіндік ерекшелігін сақтаған тірі қауымдастыққа көбірек ұқсайды.
Тыңдаудың басқа жолы
Келесі жолы ағаштар арасында жүргенде, бір сәтке тоқтаңыз. Аяғыңыздың астында миллиардтаған саңырауқұлақ жіптері қант пен сигналдарды тасымалдайды. Басыңыздың үстінде бұтақтар үнсіз бірлікте тұр. Орман бейтаныстар тобыры емес, ол отбасы, біз енді ғана түсіне бастаған тәсілмен сыбырлайтын отбасы.
Мүмкін, дәл осы сабақ шығар: күш жалғыз тұруда емес. Күш қол созуда, байланыста қалуда және жаныңдағыларға биік болып өсуге көмектесуде.
Дереккөздер
Simard, S. W., Perry, D. A., Jones, M. D., Myrold, D. D., Durall, D. M., & Molina, R. (1997). Net transfer of carbon between tree species with shared ectomycorrhizal fungi. https://doi.org/10.1038/41557
Simard, S. W. (2018). Mycorrhizal networks facilitate tree communication, learning, and memory. https://doi.org/10.1007/978-3-319-75596-0_10
Wohlleben, P. (2016). The Hidden Life of Trees: What They Feel, How They Communicate. Greystone Books.
Karst, J., Jones, M. D., & Hoeksema, J. D. (2023). The science doesn’t support the idea that plants communicate via mycorrhizal networks. https://doi.org/10.1038/s41559-022-01915-2
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз Кіру