Балаларды екі тілде тәрбиелеу: артықшылықтары мен шындығы
Мақала

Балаларды екі тілде тәрбиелеу: артықшылықтары мен шындығы

team7 30 Aug, 2025 8 мин оқу

Жаһандану салдарынан әлемнің түрлі бұрыштарынан шыққан адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы жеңілдеді, және бұл табиғи түрде түрлі ұлт, дін, мемлекет және нәсілдегі адамдардың отбасы құру деңгейін де арттырды. Соның салдарынан мұндай отбасыларда дүниеге келген балалар екі түрлі немесе бір-біріне жақын тілдерді үйреніп өседі. Мұндай балаларға қатысты қоғамда екі түрлі көзқарас бар, бір пікірге сәйкес мұндай балалар қай тіл өзінің тілі екенін білмей, ретсіздік пен шатасу ішінде тіл үйренуі қиынға соғады десе, екінші тарап керісінше мұндай балаларда ақыл-ой дамуы тезірек және мұқаммалырақ жүзеге асады деген пікірді алға тартады. Бүгінгі жазбада дәл қай көзқарас дұрыс немесе олар бір-бірімен тығыз байланысты ма деген сұраққа анықтық енгізуге тырысамыз.

Ең алдымен, бүгінгі жазбада қолданылатын маңызды терминдерді нақтылап алайық. Билингвал - екі тілде еркін сөйлей алатын адам. Монолингвал - бір тілде еркін сөйлей алатын адам. Билингвал термині кез келген екі тілде еркін сөйлей алатын адамға қатысты қолданылғанымен, бүгінгі жазбамыздың негізгі назары екі тіл қолданылатын ортада өскен балаларға бағытталады. Бұл ретте, ата-ана екі түрлі тілде сөйлесуі немесе отбасы бір тілде, ал сыртқы қоғам басқа тілде сөйлесуі де мүмкін (иммигрант отбасылар және олардың балалары).

Негізгі терминдерді анықтап алдық, енді билингвал және монолингвал ортада өскен балалар арасында жүргізілген зерттеулерге және билингвал ортаның артықшылықтарына назар аударамыз. Мияке, Эллен Бялисток және басқа да ғалымдар жүргізген түрлі зерттеулер билингвизмнің негізгі артықшылығы - мидың жалпы мақсаттарға бағытталған бақылаушы жүйесінде (general-purpose oriented executive control system) екенін анықтады. Бұл жүйе не істейді және неге жауап береді? Бұл жүйені мидың басқару жүйесі деп түсінуге болады. Оның негізгі міндеттері:

- назарды қажетті нәрселерге аудару және алаңдатушы факторларды бөгеу

- рухани және ақыл-ой күйлері мен тапсырмалар арасында ауысу

- қазіргі уақытта қажетсіз ой мен жауаптарды бөгеу

- прогресті бақылау және қателерден қорытынды шығарып, оларды түзетуден тұрады.

Бұл жүйе бір ғана дағды немесе рөлге байланбаған, түрлі әрекеттер арасында жұмыс істейді және басқарады. Мысалы, шахмат ойнап отырғанда сізге келесі нақты және дұрыс жүрісті анықтауда, шахматтан алаңдап басқа нәрселерді ойламауыңыз үшін дәл осы жүйе жауапты. Мияке бұл жүйені нақты үш компонентке бөледі:

- Бөгеу - маңызсыз ақпаратты басу

- Жаңарту - тиісті ақпаратты жадта сақтау және қайта қарау

- Ауысу - тапсырмалар немесе ақыл-ой сызбалары арасында алмасу

Бұл жүйе негізінен ауызша емес тапсырмаларда жақсы жұмыс істегенімен, билингвалдар бұл жүйені монолингвалдарға қарағанда жиірек қолданады, және соның нәтижесінде бұл жүйе үнемі күшейе түседі. Мұны дәлелдеу үшін жүргізілген үш түрлі зерттеуді қарастырамыз. 

Біріншісі, алты жасқа дейінгі 25та монолингвал және 25та билингвал бала арасында "Ғаламдық және Жергілікті Пішін" жаттығуы өткізіледі. Онда балаларға екі түрлі пішін көрсетіледі және балалар сол пішіндерді дұрыс табуы керек болады. Пішіндер төмендегі суреттерде көрсетілгендей болады.

Алдымен оларға ғаламдық және жергілікті пішіндер сәйкес келетін суреттер көрсетіледі (жоғарыдағы сурет). Онда билингвал және монолингвал топтар тең, бірдей нәтиже көрсетеді. Содан кейін екі топқа да жергілікті және ғаламдық суреттер екі түрлі пішінде болатын суреттер көрсетіледі (төмендегі екі сурет). Мұндай тапсырмада тез және дәл болу үшін алаңдатушы пішіндерге назар аудармау, фокусты жергілікті пішіндерден ғаламдық пішіндерге ауыстыру және жедел жады маңызды - бұл дәл жоғарыда атап өткен басқару жүйесінің компоненттері. Осының есебінен билингвал балалар монолингвал балаларға қарағанда әлдеқайда тез және дәл болды. 

Екінші зерттеуде балалардың визуалды және аудио дағдылары сыналады. Бұл ретте, 8 жасқа дейінгі 30та монолингвал және 30та билингвал бала арасында үш жаттығу өткізіледі. Бірінші кезеңде суреттер арқылы суреттегі нысанның жабайы аң немесе музыкалық аспап екенін анықтау, екінші кезеңде дыбыс арқылы дыбыстың аңға немесе аспапқа тиесілі екенін анықтау, үшінші кезеңде параллель түрде сурет пен аудионың аңға немесе музыкалық аспапқа қатысты екенін анықтау тапсырылады. Бірінші және екінші кезеңдерде екі жақ та тең көрсеткіштер көрсетті, бірақ үшінші кезеңде билингвал балалар монолингвал құрдастарынан айтарлықтай алда болды, әсіресе суретті сұрақтарда. 

Соңғы зерттеу болса, барлығына танымал Струп тесті болды. Онда балалар алдымен жай ғана сөздерді оқиды, кейін түстердің атауларын, ал соңғы кезеңде түс пен сөз екі түрлі болып беріледі, және оларды шатастырмай жауап беру сұралады. Бұл зерттеуде де алғашқы екі кезеңде тең көрсеткіштер болды, бірақ үшінші кезеңде тағы да билингвалдардың айқын басымдығы байқалды.

Үш зерттеуден шыққан қорытынды сол, билингвал балалар бұл жүйені тұрақты түрде қолдануы нәтижесінде монолингвал балаларға қарағанда оны тезірек және мықтырақ дамытады. Мұның негізгі себебі олардың екі тілде сөйлей алуы, мәтінге қарай дәл сол тілдегі керекті сөздерді тауып қолдана білуі, екінші тілді қолданудан өздерін тежей алу дағдыларында жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, мидың бұл жүйесі ауызша емес істерге де жауап береді және шешім қабылдауда, алаңдатушы факторларды бөгеуде, маңызды тапсырмаларға назар аударуда дәл осылай маңызды. Мысалы, емтиханға дайындалу үшін кафеге барасыз, және ол жер, әрине, шулы, бірақ сіз сыртқы шуды бөгеп, тек оқу материалдары мен емтиханға дайындыққа бар назарыңызды аударғанда дәл осы жүйе жұмыс істеп жатады.

Билингвизмнің артықшылығы тек осымен ғана шектелмейді, керісінше ол ұзақ жылдар бойы, тіпті бүкіл өмір бойы көмектеседі. Атап айтқанда, адамдардың жасы ұлғайған сайын когнитивті бұзылулар мен төмендеулер байқалады, бұл деменция, альцгеймер және бірқатар басқа аурулардың себебі болады. Дәл осындай кезеңде когнитивті резерв маңызды. Когнитивті резерв - бұл мидың белгілі бір ауруға қатысты төзімділігі. Когнитивті резерв тұрақты ақыл-ой қызметі арқылы қалыптасады және адамдарға белгілі бір ауруларға тап болғанда күтілгеннен жақсырақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Білім алу, тұрақты дене белсенділігі, уақтылы демалу, әлеуметтік белсенділік сияқты пайдалы әрекеттер осындай резервті қалыптастырады.

Билингвизм жоғарыда айтқанымыздай, дұрыс тіл мен сөзді контекстке сай қолдану үшін басқару жүйесін үнемі пайдаланады. Мұндай тұрақты пайдалану когнитивті резервті арттырады. 

Когнитивті резерв егер жасқа байланысты когнитивті бұзылулар мен төмендеулерде (альцгеймер, деменция және т.б.) маңызды болса, және ол билингвалдарда күштірек болса, демек билингвалдар мұндай ауру белгілерін кешірек көрсетуі керек. Мұны анықтау үшін зерттеулерге назар аударуымыз қажет. Бірінші зерттеу 2007 жылы жүргізілген болып, онда 91 монолингвал және 93 билингвал қатысқан. Қатысушылардың үштен екі бөлігінде альцгеймер ауруы болған. Монолингвалдардың орташа 12.4 жыл, ал билингвалдардың орташа 10.8 жыл білім алу тәжірибесі болған (мектеп, университет және т.б.). Білім деңгейіндегі айырмашылықтарды ескерсек, монолингвалдар билингвалдарға қарағанда кейінірек когнитивті төмендеулерді бастан кешіруі керек еді, бірақ билингвалдар орташа 75.5 жаста, ал монолингвалдар 71.4 жаста алғашқы ауру белгілерін көрсете бастаған. Арада 4.1 жылдық айырмашылық болды, тіпті білім алу жылдары монолингвалдарда көбірек болса да. Осыған ұқсас екінші зерттеу 2010 жылы жүргізілген, және ондағы айырмашылық 5.1 жыл болған, тағы да билингвалдар ауруға кейінірек шалдыққан. 2012 жылғы зерттеулерде, бірдей жағдайдағы монолингвал және билингвал альцгеймер ауруына шалдыққан науқастар арасында билингвалдар жақсырақ жағдайда болған. Мұның себебі олардың миы саулаттырақ болғандықтан емес, олардың когнитивті резерві күштірек болғандықтан еді.

Қорытынды сол, билингвалдар өмірінің соңғы кезеңінде де жақсырақ когнитивті көрсеткіштерге қол жеткізген және монолингвалдарға қарағанда саулаттырақ болған.

Жоғарыда көргеніміздей билингвизмнің бірқатар артықшылықтары бар, бірақ билингвизмнің әлсіз немесе осал тұстары да бар. Біріншіден, олар монолингвал құрдастарына қарағанда екі тілде де азырақ сөздік қорға ие болады, және сәйкес сөздерді есіне түсіруде баяуырақ әрекет етеді. Олардың ауызша еркіндігі де күшті емес, керісінше олар екі тілде де терең шеберлікке ие бола алмайды, әсіресе тікелей аударылмайтын тіркестерде олар қиналады. Барлық нәрседе болатыны сияқты, билингвизмде де өзіндік кемшіліктер мен олқылықтар бар.

Бұл олқылықтарды мүмкіндігінше жою үшін ғалымдар бірқатар кеңестер береді. Екі тілді ортада тілдер екіге бөлінеді, негізгі тіл (major) - негізінен қоғам арасында, мектепте, құрдастарымен сөйлескенде қолданылады және кіші, екінші дәрежелі тіл (minor) - отбасы аясында, тар шеңберде немесе ата-ананың бірімен сөйлесу үшін қолданылатын тіл. Мұны Ұлыбритания, Құрама Штаттар немесе Еуропада тұратын түрлі ұлттың бірінші буын иммигранттары арасында байқауға болады. Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы өзбек отбасылары және олардың балалары, үнді отбасылары және олардың балалары немесе қытай отбасылары және олардың балалары мысалында айқын байқауға болады. Мұндай отбасылар баласының негізгі тілі - ағылшын тілі, ал отбасы арасында қолданылатын тіл - үнді, өзбек немесе қытай тілі. Мұндай жағдайларда баланың бала кезінде негізінен кіші тілді дамытуға баса назар аудару кеңес беріледі, себебі егер бұл тіл балалық шақта мықты үйретілмесе, жасы ұлғайған сайын оны ұмыту ықтималдығы артады. Бұл үшін түрлі стратегиялар қолдануға болады, мысалы отбасы аясында тек кіші тілде сөйлесу, үйде тек сол тілде сөйлесу немесе аптаның белгілі күндерінде сол тілде сөйлесу сияқты жолдар қолданылуы мүмкін. Бұдан басқа, мөлшер мен сапа өте маңызды. Бала бұл тілді қаншалықты көп қолдансa, соғұрлым оның сөздік деңгейі артады және тілді жоғалту ықтималдығы азаяды. Бірақ бұл пассивті түрде Ютуб, теледидар немесе осындай құралдардан келмеуі керек, себебі мұндай құралдарда негізінен таяз сөздік деңгейі қолданылады және бұл баланың сөздік деңгейін байытпайды. Онымен тұрақты қарым-қатынас жасау, түрлі тіркестерді үйрету ең тиімді шешім деп саналады. Соңғы кеңес мынада: ата-аналар балалары шатаспас үшін екі тілді ортада тілдерді кезек-кезек (мысалы, алдымен ағылшын тілі, кейін үнді тілі немесе керісінше) үйрету дұрысырақ деп ойлайды. Бірақ зерттеулер керісінше екенін көрсетеді. Екі тілді параллель түрде үйрену балада акценттің жақсы шығуын, көбірек сөздік қорды және грамматикалық дәлдікті көрсетеді. Ал кезек-кезек үйретуде балада екінші үйретілген тілде акцент, грамматика және сөздікке байланысты кемшіліктер туындайды. Сол себепті екі тілді параллель түрде үйрету екі тілді де мықты меңгеру ықтималдығын арттырады.

Қорытындылай келе, айта аламыз, билингвал ортада тәрбиеленудің артықшылықтарын негізінен мидың тез жұмыс істеуінен, қақтығыстарды дұрыс басқарудан, жақсырақ шешімдер қабылдаудан, және ұзақ мерзімде түрлі ауруларға төзімділіктен көре аламыз. Сонымен қатар, дәл бір тілде еркін сөйлей алмау, таяз сөздік қор мен тіл байлығына ие болу сияқты кемшіліктерді де өз ішіне алады.

Дереккөздер:

  1. Byers-Heinlein, Krista, and Casey Lew-Williams. "Bilingualism in the early years: What the science says." LEARNing landscapes 7, no. 1 (2013): 95.
  2. Dentella, Vittoria, Camilla Masullo, and Evelina Leivada. "Bilingual disadvantages are systematically compensated by bilingual advantages across tasks and populations." Scientific reports 14, no. 1 (2024): 2107.
балаларды екі тілде тәрбиелеу екі тілділіктің артықшылықтары екі тілді адамның миы екі тілді баланың дамуы екінші тілді үйрену сөйлеудің кешігуі туралы мифтер екі тілділіктің когнитивті пайдасы бір ата-ана бір тіл көп тілді отбасылар атқарушы функциялар код ауыстыру

Бұл жазбамен бөлісу:

Ұнайды (Мақалаларды ұнату үшін жүйеге кіріңіз)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз Кіру

Ұқсас мақалалар